МЕНЮ

Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластері – облыс дамуының жаңа мүмкіндіктері мен перспективалары

Бүгін Орталығымыздың мамандары Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру тұжырымдамасын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысына қатысты. Іс-шара Семей медицина университетінің базасында өтіп, оған ғылыми қауымдастықтың, денсаулық сақтау жүйесінің, жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ радиациялық және ядролық медицина саласында қызмет атқаратын ұйымдардың өкілдері қатысты.
Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру – Абай облысы мен жалпы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар бастама. Жоба ғылымның, клиникалық тәжірибенің, білім беру мен инновациялық технологиялардың әлеуетін біріктіретін бірыңғай ведомствоаралық платформаны қалыптастыруға бағытталған. Тұжырымдамада радиациялық және ядролық медицинаны, онкологияны, медициналық генетиканы, қоғамдық денсаулық сақтауды, цифрлық технологияларды және ғылыми зерттеулерді дамытуға ерекше назар аударылған.
Бұл Тұжырымдаманы іске асыруға қатысу біздің Орталық үшін ерекше маңызға ие. Ядролық медицина және онкология орталығы бүгінде өңірдің онкологиялық қызметінің негізгі буындарының бірі ретінде заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізіп, ядролық медицинаны, ғылыми қызметті және халықаралық ынтымақтастықты дамытуда. Өңірлік кластер құрамына ену бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, инновациялық медициналық технологияларды енгізуге, жоғары білікті мамандар даярлауға, халықаралық жобаларға қатысуға және гранттық қаржыландыру тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Орталық атынан баяндама жасаған PhD, қауымдастырылған профессор, ядролық медицина және стратегиялық жоспарлау жөніндегі директордың орынбасары Ұлжан Джамединова Абай облысындағы онкологиялық қызметтің қазіргі жағдайын таныстырды. Ол өңір тұрғындарына онкологиялық көмектің ұйымдастырылуы туралы баяндап, Орталық қызметінің негізгі статистикалық көрсеткіштері мен тиімділік индикаторларын ұсынды.
Баяндама барысында онкологиялық аурушаңдық пен өлім-жітімді төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, ұлттық онкологиялық скрининг бағдарламаларының нәтижелері ұсынылып, олардың қатерлі ісіктерді ерте анықтау мен онкологиялық аурулардың алдын алудағы маңызы атап өтілді.
Сонымен қатар Ұлжан Слямқызы Орталықтың ғылыми-зерттеу қызметінің тәжірибесімен бөлісіп, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен отандық және шетелдік серіктестермен ынтымақтастық туралы айтып өтті. Ол халықаралық әріптестікті дамыту, ғылыми білім алмасу және озық технологияларды енгізу мамандандырылған медициналық көмектің сапасын арттырудың маңызды шарттары екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Абай облысында ғылыми зерттеулерді, клиникалық тәжірибені, білім беру бағдарламаларын және цифрлық технологияларды біріктіретін заманауи ғылыми-медициналық экожүйені қалыптастыру перспективаларын талқылады. Тұжырымдаманы іске асыру дербестендірілген медицинаны дамытуға, денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект пен үлкен медициналық деректерді талдау технологияларын енгізуге, әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мен емдеуді жетілдіруге, сондай-ақ жаңа буын мамандарын даярлауға қолайлы жағдай жасайды.
Ядролық медицина және онкология орталығы Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру тұжырымдамасын іске асыруға белсенді қатысуға дайын екенін білдіреді. Біз бұл бастаманы ғылымды, білім беруді және практикалық денсаулық сақтауды тоғыстыратын маңызды алаң ретінде қарастырамыз. Ғылыми ұйымдардың, медициналық мекемелердің және мемлекеттік құрылымдардың бірлескен жұмысы жоғары технологиялық медицинаны дамытуға, өңірдің ғылыми әлеуетін нығайтуға және Абай облысы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға елеулі үлес қосатынына сенімдіміз.
Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны

Қазақстан Республикасы, Абай облысы,
Семей қ., Құтжанов к., 3
E-mail: mail@semeyonko.kz

Емхана:
+7 (702) 075-07-80 - ұялы
+7 (7222) 69-42-16 - қалалық

Радионуклидтік диагностика бөлімшесі:
+7 (708) 467-27-69 - WhatsApp
+7 (702) 075-15-00 - Call-центр

Радионуклидтік терапия бөлімшесі (РНТ):
+7 (708) 467-27-64 - ұялы
+7 (7222) 42-41-77 - қалалық