МЕНЮ

Астанада ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде

Астанада «ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026: Дәл онкология, Тераностика, Жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Ауқымды шара онкология, ядролық медицина, сәулелік терапия, хирургия, диагностика, клиникалық зерттеулер және цифрлық технологиялар саласындағы мамандардың басын қосып отыр. Конференция жұмысына біздің Орталықтың бір топ маманы қатысуда. Мамандар делегациясын Орталық директоры Саят Танатаров бастап барды.
24–26 қыркүйек аралығында өтіп жатқан іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, онкологиялық аурулардың алдын алу, диагностикасы мен емдеудегі заманауи тәсілдерді талқылауға, сондай-ақ онкологиялық қызметті одан әрі дамыту перспективаларын қарастыруға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды. Конференцияға Қазақстанның, Орталық Азия елдерінің мамандары және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысуда.
Конференция бағдарламасы заманауи онкологияның кең ауқымды бағыттарын қамтиды. Негізгі тақырыптардың қатарында персоналдандырылған және дәл медицина, ядролық медицина және тераностика, радиациялық онкология, заманауи визуализация әдістері, жүйелі терапия және иммуноонкология, трансляциялық зерттеулер мен клиникалық сынақтар, роботтандырылған және аз инвазивті хирургия, онкогематология, онкогинекология, онкоурология, сондай-ақ онкологиялық тәжірибеде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану мәселелері бар.
Конференцияның алғашқы күнінде ядролық медицина мен радиациялық онкология бағытына ерекше назар аударылды. Қатысушылар радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды өндіру және тераностиканы дамыту, сәулелік емдеудің заманауи мүмкіндіктері, инновациялық технологияларды клиникалық тәжірибеге енгізу, сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ радиациялық медицинаны дамытудың перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Аталғандай, Орталық атынан конференцияда бірнеше мамандар қатысуда. Орталық директоры, профессор Саят Танатаровпен бірге іс-шара жұмысына поликлиника меңгерушісі Жаннур Алтыбаева, Тераностика орталығының жетекшісі Райымгүл Тлебалды, сәулелік диагностика бөлімінің дәрігері Зарина Абдыкаримова, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік және физикалық қорғау қызметінің медицина физигі Алуа Дауменова қатысуда.
Конференция бағдарламасында Алуа Дауменованың баяндамасы ерекше орын алды. Секциялардың бірінде ол «Радионуклидтік терапия және диагностика жағдайында I-131-мен жұмыс істейтін персоналға жеке дозиметриялық бақылаудың тиімділігін бағалау: нормативтік шектеулерді талдау және кәсіби тәуекелдерді төмендету» тақырыбында баяндама жасады.
25 қыркүйекте форумның ресми ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ осы күні Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа экскурсия және халықаралық пленарлық отырыс жоспарланған. Пленарлық отырыс барысында қатысушылар заманауи онкологияны дамытудың өзекті мәселелерін талқылауды жалғастырады.
Конференция аясында тек тәжірибеге енгізілген технологияларға ғана емес, онкологияның болашағын айқындайтын перспективалы бағыттарға да ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіби талқылаудың негізгі тақырыптары қатарында неғұрлым дәл диагностика жүргізу және емдеуді жекелей таңдау мүмкіндіктері, ядролық медицинаны дамыту, хирургия мен сәулелік терапияның инновациялық әдістерін енгізу, клиникалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ медициналық көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді қолдану мәселелері бар.
Орталық мамандары үшін конференцияға қатысу заманауи ғылыми әзірлемелермен және халықаралық тәжірибемен танысуға, әріптестермен өзекті клиникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді талқылауға, сондай-ақ өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік береді.
ONCO FUTURE KAZAKHSTAN 2026 халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы 26 қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарламаның қорытынды күнінде асқазан-ішек жолдарының онкологиялық аурулары, онкомаммология, реконструктивтік хирургия, онкогинекология, онкоурология, интервенциялық онкология, роботтандырылған және аз инвазивті хирургия, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық онкология бағыттары бойынша тақырыптық секциялар өткізіледі.
Осындай ауқымды кәсіби іс-шараның өткізілуі ашық ғылыми диалог орнатуға, клиникалық тәжірибе алмасуға және заманауи онкологиялық көмектің одан әрі дамуын айқындайтын жаңа мүмкіндіктерді талқылауға жағдай жасайды.
Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны

Қазақстан Республикасы, Абай облысы,
Семей қ., Құтжанов к., 3
E-mail: mail@semeyonko.kz

Емхана:
+7 (702) 075-07-80 - ұялы
+7 (7222) 69-42-16 - қалалық

Радионуклидтік диагностика бөлімшесі:
+7 (708) 467-27-69 - WhatsApp
+7 (702) 075-15-00 - Call-центр

Радионуклидтік терапия бөлімшесі (РНТ):
+7 (708) 467-27-64 - ұялы
+7 (7222) 42-41-77 - қалалық