Бүгін, 15 қазанда, Сүт безі обырына қарсы күрес күніне орай, Семей қаласындағы Арбатта «Қызғылт қазан» халықаралық науқаны аясында ауқымды ақпараттық-ағартушылық акция өтті. Іс-шараға Ядролық медицина және онкология орталығының мамандары, «СМУ» КеАҚ студенттері және қала тұрғындары қатысып, сүт безі обырының алдын алу мен оны ерте анықтаудың маңыздылығына қоғам назарын аудару мақсатында бас қосты.
Акцияның ең әсерлі сәттерінің бірі — қатысушылардың қолдарына қызғылт шарлар ұстап, онкологиялық ауруларға қарсы күрестің халықаралық символы саналатын қызғылт лента пішінінде сап түзеуі болды. Бұл бастама пациенттерді қолдаудың, бірліктің және денсаулықты сақтауға деген ортақ ұмтылыстың айқын көрінісіне айналды.
Акцияға белсенді қатысқан «МУС» КеАҚ студенттері әлеуметтік жауапкершіліктерін танытып, аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Олардың қатысуы денсаулыққа қамқорлық жасау, сенімді ақпарат тарату және онкологиялық аурулардың алдын алу мәселелеріне назар аудару — әртүрлі буын өкілдерін біріктіретін ортақ міндет екенін көрсетті.
Іс-шарада Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы амбулаториялық-емханалық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Аяулым Блушинова мен Ядролық медицина және онкология орталығы директорының ядролық медицина және стратегиялық жоспарлау жөніндегі орынбасары Ұлжан Джамединова сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығына тоқталды.
Спикерлер өз сөздерінде «Қызғылт қазан» науқанының маңызын атап өтіп, аурулардың алдын алу шараларының, тұрақты скринингтік тексерулерден өтудің және дәрігерге уақытылы қаралудың ерекше рөлін жеткізді. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау, қажетті емді уақытында бастауға және ем нәтижесінің қолайлы болу мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмауы аса маңызды.
Ұлжан Джамединова өз сөзінде:
«Сүт безі обыры онкологиялық аурулардың жалпы құрылымында жетекші орындардың бірін алады. Сонымен қатар өлім-жітім көрсеткіші бойынша төртінші орында тұр. Бұл, белгілі бір дәрежеде, ауруды емдеуге болатынын, әсіресе ерте кезеңдерде анықталған жағдайда ем нәтижесінің тиімді болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтаудың маңызы зор. Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтауға бағытталған скринингтік бағдарламалар жұмыс істейді. Біздің міндетіміз — әйел адамдардың мүмкіндігінше көбірек скринингтен өтуі туралы хабардар болуын қамтамасыз ету, өз денсаулығына іжауапкершілікпен қарауға және қажетті тексерулерден уақтылы өтуге ынталандыру. «Қызғылт қазан» науқаны аясында бүгінгі акцияны өткізудегі басты мақсаттарымыздың бірі — халықтың хабардарлығын арттыру, аурулардың алдын алу мәселесіне назар аудару және әрбір әйелге ерте диагностиканың маңыздылығын еске салу», — деп атап өтті Ұлжан Джамединова.
Акция барысында қала тұрғындарына сүт безі обырының алдын алу, тұрақты тексерулерден өтудің маңызы және ауруды ерте анықтау мүмкіндіктері туралы ақпараттық буклеттер таратылды.
Абай облысының денсаулық сақтау басқармасына, «СМУ» КеАҚ студенттеріне, сондай-ақ акцияның барлық қатысушылары мен ұйымдастырушыларына белсенді азаматтық ұстанымы, бейжай қарамайтын көзқарасы және онкологиялық аурулардың алдын алу туралы ақпарат таратуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз! Бірлескен күш-жігердің арқасында маңызды ақпарат көпшілікке кеңінен жетіп, онкологиялық ауруларды ерте анықтау мәселесіне деген қоғамдық назар арта түседі.
Сонымен қатар, Ядролық медицина және онкология орталығы 2026 жылғы 31 қазанда барлық әйелдерді сүт безі обырының алдын алу мен оны ерте анықтауға арналған Ашық есік күніне шақырады. Бағдарлама аясында онколог дәрігерлердің кеңестері мен кешенді тексерулер ұсынылады. Қабылдау тегін, дәрігердің жолдамасынсыз және алдын ала жазылусыз жүргізіледі. Өз денсаулықтарыңызға қамқорлық жасауды кейінге қалдырмаңыздар. Ерте диагностика өз денсаулығыңызға деген жауапкершіліктен басталады!