15–16 қазан күндері Астана қаласында Абай облысының Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Саят Танатаров бастаған делегация «Best of ASCO Kazakhstan 2026» халықаралық конференциясының жұмысына қатысуда. Заманауи онкологияның өзекті жетістіктері мен қатерлі ісік ауруларын диагностикалау және емдеудің озық тәсілдерін енгізуге арналған бұл кәсіби пікір алмасу алаңы отандық және шетелдік жетекші мамандардың басын қосты.
«Best of ASCO Kazakhstan» — Америкалық клиникалық онкология қоғамының (ASCO) ресми лицензияланған білім беру бағдарламасы. Ол мамандарға ASCO-ның жыл сайынғы конференциясында ұсынылған маңызды ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен танысуға және оларды күнделікті клиникалық тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін талқылауға жол ашады.
Конференция аясында Қазақстанның және басқа елдердің жетекші сарапшылары сүт безі, өкпе, асқазан-ішек жолдары, несеп-жыныс жүйесі мен гинекологиялық қатерлі ісіктерді емдеудің заманауи стратегияларын қарастыруда. Дәрілік терапияны, соның ішінде иммунотерапия мен нысаналы емді дамытуға, сондай-ақ ядролық медицинаның инновациялық технологиялары мен онкологиялық көмек көрсетудегі дербестендірілген тәсілдерге ерекше назар аударылуда.
Ғылыми бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі — 15 қазанда конференцияның ресми бағдарламасы аясында өткен «Ядролық медицина және онкология» атты арнайы сессия. Бұл сессия жоғары технологиялық диагностика әдістерін дамыту, емдеу тәсілдерін жетілдіру және ядролық медицинаның онкологиядағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс істейтін мамандарды біріктірді. Сессия барысында Орталықтың Тераностика орталығының басшысы міндетін атқарушы Райымгүл Тлебалды «Қалқанша безі обырының тераностикасы: диагностикадан дербестендірілген емге дейін» тақырыбында баяндама жасады.
Тераностика — диагностикалық және емдік мүмкіндіктерді біріктіретін заманауи медицина бағыты. Бұл тәсіл ісік үдерісінің ерекшеліктерін анықтауға және аурудың жеке сипаттамаларын ескере отырып, емдеу әдісін таңдауға мүмкіндік береді. Тераностиканың дамуы онкологиялық аурулары бар пациенттерге, соның ішінде қалқанша безі обыры кезінде, медициналық көмекті дербестендірудің қосымша мүмкіндіктерін ашады.
Орталық мамандарының халықаралық ғылыми алаңға қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға, соңғы ғылыми деректермен танысуға және онкология саласындағы жетекші мамандармен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Заманауи технологиялар мен клиникалық тәсілдерді талқылаудың Абай облысында ядролық медицинаны одан әрі дамыту және халыққа көрсетілетін мамандандырылған онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін маңызы зор.
«Best of ASCO Kazakhstan 2026» конференциясы 16 қазанда да өз жұмысын жалғастырады. Бағдарлама заманауи онкологияның кең ауқымды өзекті мәселелерін қамтып, ғылыми жетістіктер мен мамандардың практикалық тәжірибесін ортақ мақсат — қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеуді жетілдіру жолында тоғыстырады.