МЕНЮ

Орталық мамандары KazSMO Educational Intensive аясында онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін меңгерді

17–19 қараша аралығында Алматы қаласында Қазақстан және шетел мамандарын біріктірген KazSMO Educational Intensive халықаралық білім беру курсы өтті. Іс-шараға онкологтар, хирургтер, химиотерапевтер, радиациялық онкологтар, патоморфологтар және басқа да бейінді мамандар қатысты.
          Курсқа Орталығымыздың бес маманы қатысты: хирургия бөлімшесінің ординаторы Аманжол Канапиянов, дәрігер-эндоскопист Еділ Насибуллин, дәрігер-патологоанатом Маржан Букатова, дәрігер-онкогинеколог Зауре Кенжекова және дәрігер-химиотерапевт Альфия Суюндукова.
          Білім беру курсына тоғыз елден келген сарапшылар да қатысып, халықаралық тәжірибе мен заманауи клиникалық ұсынымдармен бөлісті. Бағдарлама аясында дәрістер, клиникалық жағдайларды талдау, кәсіби пікірталастар, воркшоптар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
          Бағдарламаның негізгі назарында қазіргі онкологияның үш маңызды бағыты болды: асқазан және өкпе обыры, патоморфологиялық диагностика мен сүт безі обыры, сондай-ақ таргеттік терапия мен иммунотерапияны қолдана отырып, дербестендірілген ем жүргізу мәселелері.
          Орталық мамандары үшін ісіктерді ерте анықтау, эндоскопиялық және сәулелік диагностиканың заманауи әдістері, жаңа түзілімдердің морфологиялық сипаттамаларын бағалау және пациенттің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, емдеу тактикасын анықтау мәселелері ерекше практикалық маңызға ие болды. Жекелеген сабақтар КТ-колонографияға, өкпе обырын скринингтеуге арналған төмен дозалы компьютерлік томографияға, биопсиялық материалды зерттеуге және патоморфологиялық диагностиканың заманауи тәсілдеріне арналды.
Бұл бағыттар онкологиялық пациенттерді қарап, тексеру және емдеуде әртүрлі бейіндегі мамандардың өзара тығыз әрекетін талап ететін Орталықтың күнделікті қызметімен тікелей байланысты. Алынған білім диагностикалық алгоритмдерді жетілдіруде, зерттеу нәтижелерін түсіндіруде, емдеу тәсілдерін таңдауда және дербестендірілген ісікке қарсы терапия мүмкіндіктерін анықтауда маңызды рөл атқара алады.
          Орталық мамандарының KazSMO Educational Intensive курсына қатысуы кәсіби білімдерін кеңейтуге, жаңа клиникалық тәсілдермен танысуға және алған тәжірибесін диагностика мен пациенттерді емдеу сапасын жақсарту үшін қолдануға мүмкіндік береді.
Білім беру алаңын ұйымдастырып, халықаралық кәсіби бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бергені және мамандар арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасағаны үшін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына ерекше алғыс білдіреміз. Осындай бастамалар онкологиялық қызметтің дамуына және кәсіби ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.

Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны

Қазақстан Республикасы, Абай облысы,
Семей қ., Құтжанов к., 3
E-mail: mail@semeyonko.kz

Емхана:
+7 (702) 075-07-80 - ұялы
+7 (7222) 69-42-16 - қалалық

Радионуклидтік диагностика бөлімшесі:
+7 (708) 467-27-69 - WhatsApp
+7 (702) 075-15-00 - Call-центр

Радионуклидтік терапия бөлімшесі (РНТ):
+7 (708) 467-27-64 - ұялы
+7 (7222) 42-41-77 - қалалық