Орталығымыздың мамандары Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің инфекциялық емес ауруларды диагностикалау мен емдеуде тераностикалық тәсілдер мен ядролық медицинаны қолданудың заманауи бағыттарына арналған халықаралық өңірлік оқу курсына қатысты.
Оқу Түркияның Анкара қаласындағы Ankara Bilkent City Hospital базасында өтті. Орталық атынан Тераностика орталығы басшысының міндетін атқарушы Райымгүл Тлебалды, радионуклидтік терапия бөлімшесінің дәрігері Ажар Бақтияр және радионуклидтік диагностика бөлімшесінің дәрігері Дана Сейтханова қатысты.
Оқу курсы Еуропа мен Орталық Азия елдерінде ядролық медицинаның диагностикалық және терапиялық мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған МАГАТЭ-нің өңірлік жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған 13 елден 30 маман қатысып, халықаралық тәжірибе алмасуға және саланың перспективалық даму бағыттарын талқылауға мүмкіндік алды.
Бағдарлама заманауи онкология мен ядролық медицинаның өзекті мәселелерін қамтыды. Атап айтқанда, нейроэндокриндік ісіктер мен қуық асты безі обырын диагностикалау мен емдеудегі тераностикалық тәсілдерге, PSMA PET/CT және FAPI PET/CT технологияларын қолдануға, сондай-ақ эпилепсия мен ми ісіктерін қоса алғанда, неврологиялық ауруларды молекулярлы визуализациялау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Оқу барысында радиолигандтық терапия, бауыр ісіктерін радиоэмболизациялау, емдеу тиімділігін бағалау және жеке дозиметрия мәселелері де қарастырылды. Бұл технологиялар әрбір пациенттің ауру ерекшеліктерін ескере отырып, диагностика мен емдеудің оңтайлы тәсілдерін таңдауға мүмкіндік беретін дербестендірілген медицинаны дамытуда маңызды рөл атқарады.
Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі Ankara Bilkent City Hospital ауруханасының ядролық медицина бөлімшесіне ұйымдастырылған таныстыру сапары болды. Орталық мамандары бөлімшенің жұмыс жүйесімен, заманауи диагностикалық жабдықтармен, радиофармация инфрақұрылымымен және радионуклидтік терапия мүмкіндіктерімен танысты.
Халықаралық оқу курсына қатысу Орталық мамандарына кәсіби білімдерін кеңейтуге, шетелдік әріптестердің озық тәжірибесімен танысуға және практикалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Алынған білім тераностика бағытын одан әрі дамытуға, диагностикалық және емдік технологияларды жетілдіруге, сондай-ақ өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.