Бүгін біздің Орталық базасында Азиядағы ядролық ынтымақтастық форумы (FNCA) аясында ұйымдастырылған Радиациялық онкология бойынша халықаралық семинардың салтанатты ашылуы болды.
Семинар Жапония Үкіметінің қамқорлығымен өтіп жатыр және ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану мен Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері арасындағы ғылыми-медициналық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Іс-шара 16 қазанға дейін жалғаспақ, бұл кездесу радиациялық онкология, медициналық физика мен ядролық медицина салаларындағы білім мен озық тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаңға айналды.
Семинар жұмысына FNCA қатысушы елдерінен — Аустралия, Бангладеш, Вьетнам, Индонезия, Қытай, Корея Республикасы, Малайзия, Моңғолия, Таиланд, Филиппин, Сингапур және Жапониядан келген 30-дан астам шетелдік делегаттар, сондай-ақ Қазақстанның жетекші мамандары қатысуда.
Кездесуді ашқан алғашқы сөзінде Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы директорының орынбасары Сергей Березин бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға табысты жұмыс тіледі:
«Біз үшін мұндай мәртебелі қонақтарды қабылдау — үлкен құрмет. Бұл — радиациялық онкология саласындағы білім мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың құнды платформасы», – деп атап өтті Сергей Березин.
Аймағымыздың барлық медицина қауымдастығы атынан Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Сабитов те сөз сөйледі:
«Бүгінгі семинар — жай ғана кәсіби іс-шара емес. Бұл — сенімнің, бірліктің және ортақ мақсаттың символы. Кадрлар мен технологияларға тұрақты инвестиция салу — онкологиялық өлім-жітімді азайтудың басты жолы екеніне сенімдімін. Әр жұмыс күні жаңа идеялар әкеліп, елдеріміз арасындағы серіктестік нығая берсін».
Іс-шараның ерекше маңыздылығын Ядролық медицина және онкология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Саят Танатаров та атап өтті:
«Семей — ядролық тарихтың ерекше орны. Бүгін біз атом энергиясын адам денсаулығы үшін бейбіт және ізгі мақсатта қолданудың жаңа парағын ашып отырмыз. Жоғары технологиялы медицинаны дамытудағы ынтымақтастыққа дайын екендеріңіз үшін алғыс айтамын», – деді Саят Таңатаров.
Жапон тарапынан FNCA үйлестірушісі доктор Масаао Тамада сөз сөйлеп, FNCA аясында жүргізіліп жатқан және алдағы зерттеулердің негізгі бағыттарын атап өтті. Олардың қатарында радиотерапия әдістерін жетілдіру және радиофармпрепараттар өндірісінің сапасын қамтамасыз ету мәселелері бар.
Семинар аясында жатыр мойны обыры кезінде қолданылатын үш өлшемді визуалды-нақты бағытталған тінішілік брахитерапия бойынша шеберлік сабағы өткізіледі. Бұл — Қазақстанда алғаш рет қолданылатын жоғары дәлдікке ие, жергілікті емдеу әдісі, әрі заманауи сәулелі терапияны дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Семинар бағдарламасы клиникалық жағдайларды талқылауды, тәжірибе алмасуды, бірлескен зерттеулер нәтижелері бойынша баяндамалар жасауды, ұлттық емдеу хаттамаларын талдауды, сондай-ақ FNCA аясындағы ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын келісуді қамтиды. Ерекше назар радиациялық қауіпсіздік, радиофармпрепараттардың сапасын бақылау, кадрлар даярлау және білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелеріне аударылады.