13–30 қазан аралығында Ядролық медицина және онкология орталығының қызметкерлері (Минск қ., Беларусь Республикасы) Н.Н. Александров атындағы Онкология және медициналық радиология республикалық ғылыми-практикалық орталығының білім беру орталығы базасында шетелдік тағылымдамадан өтті.
Оқытуға радиофармацевтикалық дәрілік препараттардың сапасын бақылау бөлімінің меңгерушісі Бибігүл Қалияскарова, РФДП сапасын қамтамасыз ету жөніндегі маман Альмира Қуандықова, радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды өндіру және қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Асет Сарсекееев, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік инженері Саят Рахманбеков қатысты.
Бағдарламаның мақсаты — иондаушы сәуле көздерімен жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды өндіруге қатысатын мамандардың біліктілігін арттыру, өндірістік тәжірибе (GMP) қағидаттары мен талаптарын сақтау бойынша білімдерін жетілдіру болды. Ерекше назар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және диагностикалау мен емдеу кезінде радиациялық әсерді азайтуға, қателіктердің алдын алуға бағытталған сапаны бақылау үдерістерінің тиімділігін арттыру мәселелеріне аударылды.
Беларусьтік әріптестермен тәжірибе алмасу Орталық мамандарының кәсіби құзыреттерін дамыту және ядролық медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды қадам болды. Алынған білім мен практикалық дағдылар өндірістік үдерістерді одан әрі жетілдіруге және радиофармацевтикалық препараттардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етудің озық тәсілдерін енгізуге пайдаланылатын болады.
Ядролық медицинаны дамыту — онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі аса маңызды бағыттардың бірі. Заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибе алмасу медициналық көмектің сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға және отандық денсаулық сақтау жүйесін әлемдік кәсіби қауымдастыққа интеграциялауға ықпал етеді.