Жаңа жыл қарсаңында Ядролық медицина және онкология орталығында салтанатты іс-шара өтті. Биылғы жылы Жаңа жылдық мерекенің құрметті қонақтарының қатарында Орталықтың Бақылау кеңесінің мүшелері болды.
Орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Саят Танатаров ұжым қызметкерлерін, қонақтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Ол ұжымға кәсіптеріне деген сүйіспеншілік пен адалдығы, тындырымды еңбектері және өңірдің медицинасы мен онкологиялық қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, баршаға зор денсаулық, бақ-береке және алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Сондай-ақ Орталықтың Бақылау кеңесінің мүшесі Альменева Найля Сапановна құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Ядролық медицина және онкология орталығының өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды рөлін және күн сайын пациенттердің денсаулығын нығайту, қорғау, қалпына келтіру жолындағы қызметкерлердің жоғары жауапкершілігін атап өтті.
Іс-шара аясында салтанатты марапаттау рәсімі де өтті. Жемісті еңбегі, жоғары кәсібилігі және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Орталықтың бірқатар қызметкерлері Абай облысының әкімі, Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, сондай-ақ Орталық директорының грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды.
Құттықтау сөзін Орталығымыздың «Сенім» кәсіподақ ұйымының төрағасы Бауыржан Никомбаев та жеткізді. Ол кәсіподақ атынан ұжымның бірлігі мен адал еңбегі үшін алғыс білдіріп, қоғамдық белсенділігі үшін бірқатар қызметкерлерге грамоталар мен алғыс хаттар табыс етті.
Салтанатты іс-шара Орталық өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, медицина қызметкерлерінің еңбегіне деген құрметті айқындап, корпоративтік рухты нығайтып, Жаңа жыл қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлады.