Бүгін Абай облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясынан Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев Ядролық медицина және онкология орталығының ұжымымен кездесті.
Сапар барысында депутат Орталықтың қызметімен және оның негізгі жұмыс бағыттарымен танысты. Орталық басшылығы өңірдегі қатерлі ісік ауруларының сырқаттанушылық көрсеткіштері, онкологиямен күрес жөніндегі Кешенді жоспардың іске асырылу барысы, сондай-ақ қатерлі ісіктің алдын алу, ерте анықтау және скринингтік іс-шараларды жүргізу бойынша қабылданып жатқан шаралар қамтылған баяндама ұсынды. Орталықтың қол жеткізген нәтижелеріне және жүйелі шешімді қажет ететін өзекті проблемалық мәселелерге ерекше назар аударылды.
Іс-сапар аясында Нұрлан Әуесбаев радионуклидтік диагностика бөлімшесін, сондай-ақ радионуклидтік терапия бөлімшесін аралап, онда қолданылып жатқан технологиялармен, жабдықталу деңгейімен және диагностикалық әрі емдеу үдерістерін ұйымдастырумен танысты.
Кездесу барысында Орталық басшылығы мен мамандарының қатысуымен мазмұнды әрі сындарлы диалог өтті. Талқылау барысында мекеменің ағымдағы қызметіне, кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдегі онкологиялық қызметті одан әрі дамыту перспективаларына қатысты мәселелер көтерілді. Депутат жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, айтылған проблемалық мәселелерді шешуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
«Менің бұл сапардағы басты мақсатым – сіздердің Орталықтың жұмысымен танысу ғана емес, сонымен қатар проблемалық мәселелерді шешуге қолдау көрсету. Жеке өз пікірімше, егер сапалы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіретін мәселелер немесе қиындықтар болса, оларды көтеріп, талқылап, бірлескен күш-жігермен оңтайлы шешім табу қажет. Осы өңірде жуырда Абай облысының әкімімен де кездесу өткіздім. Біз сындарлы диалог орнатып, бірқатар маңызды жұмыс бағыттарын айқындадық. Бұл ұзақ мерзімді әрі ең бастысы нәтижелі бірлескен жұмыстың жаңа кезеңі болады деп есептеймін. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде өңірдегі ең өзекті мәселелердің ең жоғары деңгейде көтеріліп, шешімін табуы үшін бар күшімді саламын», – деді Нұрлан Әуесбаев.
Кездесу соңында Нұрлан Сатыбалдыұлы азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталған жауапты әрі жемісті еңбектері үшін Орталық ұжымына алғыс айтып, кәсіби қызметтеріне табыс тіледі. Өз кезегінде Ядролық медицина және онкология орталығы да денсаулық сақтау саласы мен өңірдегі онкологиялық қызметті дамыту мәселелеріне көрсеткен қызығушылығы, сондай-ақ сындарлы ұстанымы мен ынтымақтастыққа дайын екені үшін Мәжіліс депутатына ризашылығын білдірді. Орталық басшылығы өзара диалогқа, ықпалдастыққа және саланың өзекті мәселелерін шешуге, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жұмысқа дайын екенін атап өтті.