МЕНЮ

Орталығымыздың мамандары «Қазақстандағы тераностика: уақыт келді» атты конференциясына қатысуда

Ядролық медицина және онкология орталығының мамандары 12–13 наурыз күндері Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ауруханасы Медициналық Орталығының ауруханасында өтіп жатқан «Қазақстандағы тераностика: уақыт келді» атты ғылыми-білім беру іс-шарасына қатысуда. Конференция Қазақстан мен шетелдің ядролық медицина, радиология, радиохимия және медициналық физика саласындағы жетекші мамандарын біріктірді.
Іс-шара тераностиканы дамытуға арналған. Тераностика – радиофармпрепараттарды қолдана отырып, диагностика мен емдеуді біріктіретін заманауи медициналық бағыт болып табылады. Бүгінде тераностика медицинаның ең маңызды әрі перспективалы бағыттарының бірі болып саналады, себебі емдеуді жекелендіруге және оның тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді, Дәл осы бағыт ядролық медицина мен онкологиялық көмектің болашағын айқындайды деп айтса да артық болмас.
Конференция барысында радионуклидтік терапияның өзекті мәселелері, жаңа радиофармпрепараттарды енгізу, ПЭТ/КТ диагностикасын дамыту, изотоптар өндіру, сондай-ақ диагностика дәлдігін арттырып, пациенттерді емдеудің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік беретін стандарттар мен технологиялар талқылануда.
Бағдарламаға пленарлық отырыстар, ғылыми баяндамалар және ядролық медицина әдістерін қолдана отырып онкологиялық және басқа да ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған практикалық шеберлік сабақтары енгізілген. Қатысушылар радионуклидтік терапияны қолдану тәжірибесін, радиофармпрепараттарды өндіру және сапасын бақылау, радиациялық қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ ПЭТ-диагностика саласындағы халықаралық стандарттарды талқылауда.
Айта кету керек, Ядролық медицина және онкология орталығы - Қазақстанда тераностикалық тәсілді енгізуді алғаш бастаған медициналық мекемелердің бірі болып табылады. Бүгінде бұл бағыт Орталықтың практикалық қызметінде жүзеге асырылып келеді: мамандар пациенттерді диагностикалау және емдеу үшін заманауи радиофармпрепараттарды қолдануда және тераностиканы белсенді түрде дамытуды жалғастыруда. Сонымен қатар қолданылатын радиофармпрепараттар тізімін кеңейту бағытында жұмыс жүргізілуде.
Конференция аясында біздің Орталық мамандары әріптестерінің тәжірибесін зерделеп қана қоймай, ядролық медицина саласындағы өз жетістіктерімен де бөлісуде. Атап айтқанда, бүгін радионуклидтік диагностика бөлімінің меңгерушісі Айгерім Түсупжанова ғылыми баяндама жасады. Оның баяндамасы қалқанша бездің қатерлі ісігіне шалдыққан пациенттерді диагностикалау және емдеу нәтижелерін бақылауда йод-131 көмегімен жүргізілетін сцинтиграфияның рөліне арналды. Баяндамада әдістің ем тиімділігін бағалаудағы және пациенттерді кейінгі бақылаудағы мүмкіндіктері қарастырылды.
Орталық мамандарының осындай ғылыми іс-шараларға қатысуы тәжірибе алмасуға, кәсіби ынтымақтастықты дамытуға және заманауи технологияларды Қазақстандағы ядролық медицина тәжірибесіне енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде пациенттерді диагностикалау мен емдеу сапасын арттыруға бағытталған.
Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны

Қазақстан Республикасы, Абай облысы,
Семей қ., Құтжанов к., 3
E-mail: mail@semeyonko.kz

Емхана:
+7 (702) 075-07-80 - ұялы
+7 (7222) 69-42-16 - қалалық

Радионуклидтік диагностика бөлімшесі:
+7 (708) 467-27-69 - WhatsApp
+7 (702) 075-15-00 - Call-центр

Радионуклидтік терапия бөлімшесі (РНТ):
+7 (708) 467-27-64 - ұялы
+7 (7222) 42-41-77 - қалалық