Бүгін, 28 наурызда, Орталығымызда бүйрек обыры, колоректалдық обыр және жатыр мойны обырының алдын алу және олар туралы хабардарлықты арттыру мәселелеріне арналған кезекті Ашық есік күні өтті. Іс-шараға өңіріміздің 30 тұрғыны қатысып, әрқайсысы онколог мамандардан кеңес алып, қажет болған жағдайда кешенді тексеруден өтті.
Өткізілген күннің қорытындысы бойынша қатерлі ісіктер мен ісікалды жағдайлар анықталған жоқ. Сонымен қатар 23 пациенттен басқа да патологиялар анықталып, олар бойынша толыққанды ұсынымдар беріліп, әрі қарай емдеу шаралары белгіленді. Қатысушыларға онкологиялық аурулардың ерекшеліктері, алғашқы белгілері және алдын алу шаралары түсіндірілген ақпараттық материалдар да таратылды.
Осындай іс-шараларды өткізу халық денсаулығын сақтауда маңызды кезең болып табылады. Скринингтік тексерулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, бұл кезде емдеу ең тиімді болады. Тұрақты профилактика және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау ауыр аурулардың даму қаупін айтарлықтай төмендетіп, өмір сапасын жақсартады.
Сондықтан біздің Орталық Ашық есік күндерін тұрақты түрде ұйымдастыру жұмысын жалғастырып, медициналық көмекті халық үшін қолжетімді етуде. Мұндай іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Келесі Ашық есік күнінің өтетін күні туралы әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда міндетті түрде хабарлайтын боламыз, сондықтан жаңалықтарды бақылап, Facebook пен Instagram желілеріндегі парақшаларымызға жазылуға шақырамыз.