Сәуір айында Қазақстанда өңеш обыры мен бас және мойын ісіктері туралы хабардарлықты арттыруға арналған айлық өтеді. Онкологиялық аурулар ауыр дерттердің қатарына жатады және көп жағдайда кеш кезеңдерде анықталып жатады, сондықтан бұл шара халықтың ақпараттануы, аурудың алдын алу мен ерте анықтауда маңызды факторы болып табылады.
Бас және мойын ісіктеріне ауыз қуысы, жұтқыншақ, көмей, мұрын қуысы және мұрын маңы қойнауларында пайда болатын қатерлі ісіктер жатады. Ал өңеш обыры тағамды жұтқыншақтан асқазанға жеткізетін ағзаны зақымдайды және ерте кезеңде анықтаудың қиындығы мен дер кезінде емделмеген жағдайда тез өршуіне байланысты ерекше назар аударуды талап етеді.
Бүкіл ай бойы Ядролық медицина және онкология орталығы аталған аурулардың алдын алу, қауіп факторлары, белгілері, сондай-ақ заманауи диагностика және емдеу тәсілдері туралы пайдалы әрі өзекті материалдарды жариялайтын болады. Бұл ақпараттар әр адамға өз денсаулығына мұқият қарап, қажетті кезде дәрігерге жүгінудің маңызын түсінуге көмектеседі.
Сонымен қатар, айлық аясында кезекті Ашық есік күні өтеді. Оның барысында тұрғындар мамандардан кеңес алып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап таба алады және тексеруден өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл – денсаулыққа көңіл бөліп, кәсіби мамандардан ұсынымдар алудың жақсы мүмкіндігі.
Біздің жаңалықтарымызды бақылап, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызға жазылуды ұмытпаңыздар, осылайша маңызды ақпараттар мен алдағы іс-шаралар туралы дер кезінде хабардар бола аласыздар.