Ядролық медицина және онкология орталығының мамандары өңір тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс аудандары мен қалаларына мобильді бригадалардың көшпелі жұмыстарын жалғастыруда.
Кезекті көшпелі қабылдау Курчатов қалалық ауруханасының базасында өтті. Мобильді бригада құрамында көшпелі топтың үйлестірушісі, дәрігер-гинеколог Светлана Удерина, онкохирург Амиржан Абешов, дәрігер-маммолог Аяулым Есентаева, ультрадыбыстық диагностика дәрігері Құндыз Жақыпова, ситуациялық орталықтың медициналық тіркеушісі Әлия Рыскалиева, сондай-ақ мейіргер-тіркеушілер жұмыс атқарды.
Қабылдау барысында қала тұрғындары бейінді мамандардың кеңесін алып, қажетті диагностикалық тексерулерден өтті. Жұмыс қорытындысы бойынша дәрігер-гинеколог 11 пациентті қабылдап, олардың екеуінен онкопатологияға күдік анықталды, тағы тоғыз пациентке кеңестік көмек көрсетілді. Маммолог 20 пациентті қарап, бір жағдайда онкологиялық ауруға күдік анықталды, 17 пациенттен фиброзды-кистозды өзгерістер табылды.
Онкохирург екі пациентті қабылдап, екі жағдайда да онкологиялық ауруға күдікке байланысты қосымша тексеру қажет екені анықталды. Ультрадыбыстық диагностика дәрігері 39 пациентке тексеру жүргізіп, екі онкопатологияға күдікті жағдайды, алты обыр алды жағдайын анықтады, сондай-ақ 30 өзге ауру тіркелді.
Мобильді бригадалардың жұмысы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, пациенттерді уақтылы қосымша тексерулерге жолдауға және өңір тұрғындары үшін білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.