МЕНЮ

Мейіргерлік істің жаңа мүмкіндіктер мен көшбасшылық: Ядролық медицина және онкология орталығында Халықаралық мейіргер күніне арналған конференция өтті

Бүгін Ядролық медицина және онкология орталығы базасында Халықаралық мейіргер күніне арналған конференция өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы — мейіргерлік істі дамыту, көшбасшылық құзыреттерді нығайту және мейіргерлік менеджмент жүйесіне заманауи тәсілдерді енгізу болды. Конференция Абай облысының орта медицина қызметкерлері Қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараға облыстағы бас және аға мейіргерлер, мейіргерлік іс мамандары, медициналық ұйымдардың жас қызметкерлері, сондай-ақ кәсіби бірлестіктер мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Конференцияның ашылуы барысында медициналық ұйым басшылары мен салалық бірлестіктердің өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мейіргерлердің маңызды рөлін атап өтті.
Конференцияның ашылу салтанатында Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру және дәрілік қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Айсұлу Сайымова, Д. Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғары медицина колледжінің директоры Ернар Тоқтаров, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Абай облыстық филиалының төрағасы Марат Бекбаев, «Абай облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Дастан Мұхаев, сондай-ақ «AQNIET» денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіптік одағы ҚБ Абай облыстық филиалының төрайымы Альфия Сайфутдинова құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Ядролық медицина және онкология орталығының директоры, м.ғ.д., профессор Саят Таңатаров та қатысушыларға ізгі тілегін білдірді.
«Құрметті әріптестер, ардақты мейіргерлер! Сіздерді Халықаралық мейіргер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің еңбектеріңіз — жай ғана мамандық емес, бұл күн сайынғы мейірімнің, жауапкершіліктің және өз ісіне адалдықтың көрінісі. Сіздер науқастардың жанынан табылып, оларға қолдау көрсетіп, үміт сыйлайсыздар. Бүгінде мейіргер ісі қарқынды дамып, денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыты болып табылады. Мейіргерлер жоғары білім алып, жаңа құзыреттерді меңгеріп, заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені енгізуде. Бұл мамандықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, мейіргердің емдеу үдерісіндегі толыққанды маман әрі көшбасшы ретіндегі рөлін нығайтады. Сіздерге кәсібиліктеріңіз, шыдамдылықтарыңыз бен пациенттерге деген шынайы қамқорлықтарыңыз үшін алғыс айтамын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс және толағай жетістіктер тілеймін», — деді Саят Замамбекұлы.
Конференция аясында қатысушылар мейіргерлік қызметті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін, кадрлық менеджмент, пациент қауіпсіздігі және күнделікті тәжірибеге жаңа құралдарды енгізу мәселелерін талқылады. Медициналық ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасуға ерекше көңіл бөлінді.
Ядролық медицина және онкология орталығының мамандары радионуклидтік терапия бөліміндегі мейіргерлер жұмысының ұйымдастырылуы мен жоғары технологиялық медициналық көмек жағдайындағы мейіргерлік тәжірибенің ерекшеліктеріне арналған баяндамаларын ұсынды.
Осындай іс-шараларды өткізу медициналық мейіргер мамандығының кәсіби мәртебесін арттыруға, тәлімгерлік жүйесін дамытуға және орта буын медицина қызметкерлерінің заманауи медицинадағы рөлін нығайтуға ықпал етеді. Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіби диалогтың маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі мейіргер ісін одан әрі дамыту қажеттігін жеткізді.
Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Ядролық медицина және онкология орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны

Қазақстан Республикасы, Абай облысы,
Семей қ., Құтжанов к., 3
E-mail: mail@semeyonko.kz

Емхана:
+7 (702) 075-07-80 - ұялы
+7 (7222) 69-42-16 - қалалық

Радионуклидтік диагностика бөлімшесі:
+7 (708) 467-27-69 - WhatsApp
+7 (702) 075-15-00 - Call-центр

Радионуклидтік терапия бөлімшесі (РНТ):
+7 (708) 467-27-64 - ұялы
+7 (7222) 42-41-77 - қалалық