Бүгін Ядролық медицина және онкология орталығында радиациялық онкологияны дамытуға және жоғары технологиялық медицина саласындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды халықаралық кездесу өтті. Орталыққа OUR United Corporation компаниясының халықаралық сату жөніндегі директоры мистер Bale Xiong арнайы сапармен келді.
Серіктесімізді Орталық атынан директордың міндетін атқарушы, директордың медициналық бөлім және медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер - Баян Бекетова қарсы алды. Өз сөзінде серіктесімізге алғыс білдіріп, мұндай кездесулер халықаралық әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды практикалық денсаулық сақтау саласына енгізу тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар Баян Бекетова Орталықтың онкологиялық көмектің сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді, әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа ашық екенін жеткізді.
Кездесу барысында мазмұнды баяндама жасаған радиациялық онкология бөлімшесінің меңгерушісі міндетін атқарушы Азалия Есенгари Орталықтағы радиологиялық қызметтің қалыптасу тарихы, даму кезеңдері, материалдық-техникалық базаның нығаюы, емдеу әдістерінің жетілдірілуі мен кадрлық әлеуеттің артуы туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, ол бөлімшенің қазіргі мүмкіндіктеріне тоқталып, бүгінгі таңда радиациялық онкология қызметі заманауи технологиялармен жабдықталғанын және онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдерін белсенді түрде енгізіп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Bale Xiong мырза қытайлық OUR UNITED CORP компаниясының радиациялық онкология саласындағы мүмкіндіктерін таныстырып, заманауи шешімдер, медициналық жабдықтар және пациенттерді диагностикалау мен емдеудің тиімділігін арттыруға бағытталған технологиялық артықшылықтар туралы айтты. OUR United Corporation — онкология саласына арналған жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды әзірлейтін және өндіретін халықаралық компания. Компания ісікке қарсы сәулелік терапияға арналған клиникалық шешімдерге маманданған және әлемнің түрлі елдеріндегі медициналық ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан.
Кездесудің маңызды сәттерінің бірі - ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Тараптар онкология және радиациялық медицина саласындағы серіктестік қатынастарды дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ресми бөлімнен кейін қонақтарға радиациялық онкология бөлімшесі бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Орталық мамандары бөлімшенің техникалық жабдықталуын, заманауи құрылғыларын және радиациялық онкология қызметінің бүгінгі мүмкіндіктерін көрсетті.
Осындай халықаралық кездесулер отандық медицинаны дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және денсаулық сақтау жүйесіне озық технологияларды енгізу жолындағы маңызды қадам болып табылады. Ядролық медицина және онкология орталығы кәсіби байланыстарын кеңейтіп, заманауи әрі сапалы медициналық көмекті дамыту бағытындағы жұмысын белсенді түрде жалғастыруда.