Бүгін біздің Орталық базасында Абай облысының алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласындағы мамандарына арналған оқыту семинары өтті. Іс-шара 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында ұйымдастырылып, медицина қызметкерлерінің онкологиялық аурулардың алдын алу, паллиативтік көмек көрсету және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталды.
Семинар жұмысына қалалық медициналық ұйымдардың мамандары, сондай-ақ аудандық медициналық мекемелердің өкілдері қатысты. Семинар барысында қазіргі онкологиялық қызметтің өзекті мәселелерінің бірі қарастырылды. Әсіресе жатыр мойны обырының алдын алудың тиімді әдістерінің бірі болып саналатын адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация мәселесіне ерекше назар аударылды. Директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, онкогинеколог дәрігер Баян Бекетова вакцинацияның маңыздылығы, АПВ-мен байланысты аурулардың алдын алудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ халықты ақпараттандыру мен вакцинацияға деген сенімді арттырудың қажеттілігі туралы жан-жақты баяндады.
Сонымен қатар, іс-шара аясында оңалту және паллиативтік терапия бөлімшесінің меңгерушісі, онколог дәрігер Ғабиден Рахымжанов паллиативтік көмекке мұқтаж пациенттерді сатылы түрде ауырсынуды басу әдістемесіне арналған баяндама жасады. Баяндама барысында созылмалы ауырсыну синдромын емдеудің заманауи тәсілдері, ауырсынуды басатын дәрілік препараттарды ұтымды қолдану қағидаттары және ауыр дертке шалдыққан пациенттердің өмір сапасын лайықты деңгейде қамтамасыз етудегі медицина қызметкерлерінің рөлі айтылды.
Осындай білім беру іс-шараларын өткізу медицина мамандарының кәсіби дағдыларын жетілдіруге, денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға және облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.