1-4 маусым аралығында біздің Орталығымыздың базасында «Жатыр мойны обырын емдеудегі тінаралық брахитерапияның озық әдістері» атты халықаралық шеберлік сабағы өтуде. Іс-шара Қазақстан мен Ресейдің мамандарын біріктіріп, радиациялық онкология саласындағы маңызды іс-шаралардың біріне айналды. Шеберлік сабағына Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығының жетекші сарапшылары қатысуда.
Шеберлік сабағының негізгі мақсаты — тәжірибе алмасу, мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру және тінаралық гибридті брахитерапияның заманауи технологияларын клиникалық тәжірибеге енгізу. Бағдарлама аясында жатыр мойны обырын емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылған. Оның ішінде визуализация жүргізу, нысаналар мен қауіп-қатер ағзаларын контурлау, емдеуді жоспарлау және брахитерапия рәсімдерін жүргізу мәселелері қамтылған.
Іс-шараны ашқан Орталық директоры Саят Танатаров қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, халықаралық кәсіби ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Біз шетелдік мамандарды әрдайым қуана қарсы аламыз. Ресей Федерациясындағы медициналық және ғылыми ұйымдармен, оның ішінде Обнинск, Томск және басқа да қалалардағы әріптестермен табысты ынтымақтастық тәжірибеміз бар. Бүгінде Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығымен өзара іс-қимылдың арқасында серіктестігіміздің географиясы кеңеюде. Бұл шеберлік сабағы заманауи онкологиялық көмекті дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және емдеудің жаңа технологияларын енгізуге бағытталған ұзақ мерзімді әрі нәтижелі әріптестіктің бастамасы болады деп сенемін», — деп атап өтті Орталық директоры.
Құттықтау сөз сөйлеген Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Руслан Мошуров та ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінде Қазақстанға біздің мамандардың әзірге шағын ғана тобы келді. Дегенмен, мекемелеріміз арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығайып, кеңейе түседі деп шын жүректен сенеміз. Біз үшін тәжірибе алмасу, бірлескен жұмыс пен кәсіби өзара іс-қимыл аса құнды. Алдағы уақытта жаңа бірлескен жобалар, білім беру бастамалары жүзеге асып, серіктестік байланыстарымыз одан әрі дами түсетініне сенімдімін», — деп атап өтті Руслан Мошуров.
Іс-шараның алғашқы күні барысында Орталық мамандары өңірдің онкологиялық қызметінің жұмысы, негізгі бағыттары, онкологиялық аурушаңдық көрсеткіштері, негізгі индикаторлар мен Орталықтың заманауи жабдықталуы туралы ресми баяндама ұсынды.
Маңызды оқиғалардың бірі ретінде Абай облысының Ядролық медицина және онкология орталығы мен Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ресми бөлімнен кейін қонақтар үшін Орталықтың бейінді бөлімшелеріне экскурсия ұйымдастырылды. Әріптестерге радиациялық онкология бөлімшесінің мүмкіндіктері мен техникалық жабдықталуы, сондай-ақ онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын заманауи тәсілдер таныстырылды.
Шеберлік сабағын өткізудің Қазақстанның онкологиялық қызметін одан әрі дамыту үшін маңызы зор. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, тінаралық гибридті брахитерапияны қолдану жатыр мойны обырының жергілікті таралған түрлерін емдеудің тиімділігін едәуір арттыруға, кеш анықталатын сәулелік асқынулар қаупін ұлғайтпай, жергілікті бақылау мен пациенттердің өмір сүру көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде тінаралық гибридті брахитерапияның заманауи әдістері Қазақстан Республикасының практикалық денсаулық сақтау жүйесіне енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде мамандандырылған онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ядролық медицина және онкология орталығының ұжымы ресейлік әріптестерге ынтымақтастық, кәсіби тәжірибе алмасуға ашықтық танытқандары және радиациялық онкологияны дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғысын білдіреді. Шеберлік сабағына қатысушылардың барлығына табысты, әрі нәтижелі жұмыс, жаңа кәсіби жетістіктер және халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюын тілейміз.