1 маусымнан бастап Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ КМК «Ядролық медицина және онкология орталығы» базасында «Жатыр мойны обырын емдеудегі тінішілік брахитерапияның озық әдістері» атты халықаралық шеберлік сабағы жалғасуда. Оқытуды Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығының мамандары жүргізуде.
Ресейлік әріптестердің сапары аясында біздің Орталық пен Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығы арасында кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе алмасуға және онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуге бағытталған екіжақты меморандумға қол қойылды.
Бағдарламаның маңызды іс-шараларының бірі - екі онкологиялық орталық мамандарының қатысуымен өткен онлайн-конференция болды. ЗУМ-конференция барысында Воронеж қаласындағы әріптестер нақты уақыт режимінде хирургиялық бөлімшелердің жұмысын көрсетіп, жоғары технологиялық екі операцияның тікелей трансляциясын өткізді.
Абдоминалдық онкология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, хирург-онколог Дмитрий Головков тоқ ішектің өрлемелі бөлігіндегі аденокарцинома диагнозы қойылған ісігі бар пациентке жасалған хирургиялық араласудың барысын таныстырды. Операция аясында лимфодиссекциямен лапароскопиялық оңжақты гемиколэктомия жасалды.
Сондай-ақ онкоурология бөлімшесінің меңгерушісі, онколог дәрігер Борис Летников оң жақ бүйректің жоғарғы сегментіндегі жаңа өскіні бар пациентке жүргізілген хирургиялық емнің кезеңдерін көрсетті.
Онлайн-конференция барысында мамандар операциялардың барлық кезеңдерін, пациенттерді жүргізу тактикасының ерекшеліктерін, операциялық бөлімдердің техникалық жабдықталуын және онкологиялық ауруларды хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Қатысушылар тәжірибе алмасып, сұрақтар қойып, операцияларды жүргізудің практикалық аспектілерін кеңінен талқылады.
Осындай халықаралық іс-шараларды өткізу мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, практикалық денсаулық сақтау саласына заманауи технологияларды енгізуге және өңірдегі онкологиялық қызметті одан әрі дамытуға ықпал етеді.