Бүгін біздің Орталықта 1-4 маусым аралығында өткен «Жатыр мойны обырын емдеудегі тінаралық брахитерапияның озық әдістері» атты халықаралық шеберлік сабағыынң қорытындысы шығарылды.
Төрт күн бойы Орталық мамандары жатыр мойны обырын емдеуде қолданылатын тінаралық және гибридті брахитерапияның заманауи әдістерін меңгерді. Оқыту Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығының жетекші сарапшыларының қатысуымен өтті.
Естеріңізге сала кетейік, мастер-класс аясында теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылып, қатысушылар брахитерапияны қолданудың заманауи тәсілдерін — пациентті дайындаудан бастап КТ/МРТ-визуализация, нысаналар мен қауіп-қатер ағзаларын контурлау, емді жоспарлау, процедураларды жүргізу және ем нәтижелерін бағалауға дейінгі кезеңдерді меңгерді. Алынған білім мен тәжірибелік дағдылар Орталық мамандарына заманауи технологияларды күнделікті клиникалық тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша Орталық мамандарына халықаралық шеберлік сағатына қатысқаны туралы сертификаттар табысталды. Қорытынды кездесу барысында Воронеж облыстық ғылыми-клиникалық онкологиялық орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Руслан Мошуров қазақстандық әріптестерге жылы қабылдап, бірлескен жетістікті жұмыс үшін алғысын білдіріп, медициналық мекемелер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Ядролық медицина және онкология орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Саят Таңатаров ресейлік мамандарға оқытуды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және Орталық қызметкерлері алған құнды тәжірибе үшін ризашылығын білдірді.
«Алған білімнің арқасында біздің мамандарымыз бүгіннің өзінде жатыр мойны обырын емдеуде тінішілік брахитерапияның заманауи әдістерін қолдана алады. Біз үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту және өңірдің практикалық денсаулық сақтау саласына озық технологияларды енгізу аса маңызды», — деп атап өтті Саят Таңатаров.
Шеберлік сабақтың өткізілуі радиациялық онкологияны дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болды және бұл тек Абай облысы үшін ғана емес, Қазақстанның онкологиялық көмек жүйесі үшін де маңызды оқиғаға айналды. Сонымен қатар, іс-шара қазақстандық және ресейлік мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, онкология және радиациялық медицина саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға негіз қалады.