Ядролық медицина және онкология орталығында медицина қызметкерлеріне арналған SPIKES халықаралық хаттамасын қолдану тақырыбында оқыту тренингі өтті. Бұл хаттама күрделі клиникалық жағдайларда пациенттермен жанашырлыққа, кәсібилікке және сенімді қарым-қатынас орнатуға негізделген халықаралық деңгейде мойындалған тәсілдердің бірі болып табылады. Оқытуды Пациенттерді психологиялық қолдау қызметінің дәрігер-психотерапевті Александр Коровников жүргізді.
Онкологиялық аурулар диагнозы қойылған сәттен бастап пациенттің өзіне ғана емес, оның жақындарына да елеулі эмоциялық күйзеліс әкелуі мүмкін. Сондықтан сапалы медициналық көмек тек заманауи диагностика мен емдеу әдістерінен ғана емес, ссонымен қатар пациентпен түсіністікке, құрметке және сенімге негізделген қарым-қатынастан да тұрады. Осындай көзқарас пациенттің өз жағдайын дұрыс қабылдауына, емдеу үдерісіне деген сенімін нығайтуға және медициналық қызметкерлердің қолдауын сезінуіне мүмкіндік береді.
Тренинг барысында қатысушылар SPIKES хаттамасының негізгі қағидаларымен танысып, пациентпен ашық, сыпайы әрі эмпатияға негізделген диалог құрудың тиімді тәсілдерін талқылады. Әсіресе белсенді тыңдау дағдыларын дамытуға, пациенттің эмоциялық жағдайына құрметпен қарауға, әр адамға жеке көзқарас қалыптастыруға және қарым-қатынас барысында психологиялық жайлылықты сақтауға ерекше назар аударылды.
Осындай білім беру іс-шаралары Орталық қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ пациентке бағдарланған медициналық көмектің мәдениетін нығайтуға ықпал етеді. Мұнда жоғары сапалы емдеумен қатар, әрбір пациентке деген қамқорлық, құрмет және адами қарым-қатынас басты құндылықтардың бірі болып саналады.